Қызылорда облысында әлеуметтік секторды дамыту мәселелері талқыланды

Қызылордада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен облыстың әлеуметтік саласын дамытуға арналған кеңес өтті. Жиынға ғылым, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау, білім, спорт, мәдениет және ақпарат саласына жауапты вице-министрлер қатысты.
Кеңесте жоғары білім мен ғылым саласының жағдайы қаралды. Облыста үш ЖОО жұмыс істесе, онда 20 мыңға жуық студент оқиды. Соңғы үш жылда студенттер саны 21%-ға артқан. Министрлік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды даярлау қажеттігін атап өтті.
Денсаулық сақтау бағытында алғашқы медициналық көмектің инфрақұрылымын жаңғырту, аудандық ауруханаларды күшейту және диагностика базасын дамыту мәселелері сөз болды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда облыста 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілген. 2023–2025 жылдары әлеуметтік салаға бөлінген қаражатты тиімді жоспарлау нәтижесінде 108 млрд теңге үнемделген.
Кеңес қорытындысында кадр даярлауды нақты экономика сұранысымен байланыстыру, оқу орындарындағы тәрбиелік жұмысты жүйелеу, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтармен жұмысты жандандыру және емханалардағы қызмет сапасын арттыру бағытында тапсырмалар берілді.


