Жаңалықтар

Қызылордадағы Open Air

Орталық алаңға 12 мың адам жиналды

Қызылордада Жастар күніне арналған онкүндік грандиозды «Жастармен бірге!» Open Air концертімен аяқталды. Орталық алаңда өткен бұл ауқымды шараға 12 мыңнан астам қала тұрғыны мен жастары жиналып, мерекені сәнмен атап өтті.

Он күн бойы Сыр өңірінде жастардың білімін, шығармашылығын және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған ондаған мәдени, спорттық және интеллектуалдық шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын насихаттайтын акциялар мен пікірталас алаңдары өтті.

Салтанатты кешке облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай арнайы қатысып, Сыр жастарын құттықтады:

«Жастар – елдің ертеңін күтетін буын ғана емес, бүгінгі қоғамның қозғаушы күші. Мерекелік онкүндік — бір күндік науқан емес, жүйелі де тұрақты бағытымыздың көрінісі. Сыр жастары қай кезде де елдік бастамалардың бел ортасынан табылады», – деді ол.

Мерекелік кештің шырайын қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары — MYNBAY, Қайрат Түнтеков және Досбол Нұрылла аша түсті.

Жергілікті өнерпаздармен бірге сахнаға шыққан орындаушылар хит әндерін шырқап, 12 мыңдық аудиторияға ұмытылмас көңіл күй сыйлады.

Сыр жастарының жалынды үнін тоғыстырған «Жастармен бірге!» Open Air концерті бұл күннің ғана емес, жаз мезгілінің де ең жарқын оқиғаларының біріне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button