
Қала экономикасына қандай серпін берілмек? Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірдегі ең ірі әрі заманауи кәсіпкерлік нысандарын жеке өзі аралап, маңызды тапсырмалар жүктеді.
Сапар барысында аймақ басшысы Белкөл кентіндегі «Вега Пром» ЖШС-ның автоклавты газоблок пен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауытына барды. Мемлекеттік қолдау аясында 3 гектар жер телімі беріліп, Қытайдан заманауи құрал-жабдықтар жеткізілген бұл зауыттың жылдық өндірістік қуаты 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі таңда 30 маман тартылып, техникалық іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатқан кәсіпорын қыркүйек айында толық пайдалануға берілмек.

Дәл осы аумақта «Орда автодор» ЖШС жеке қаражаты есебінен құны 1 миллиард теңгені құрайтын асфальтбетон өндірісін іске қосқан. Сағатына 60 тонна өнім шығаратын өндіріс ошағы қазірдің өзінде ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп отыр.
Сондай-ақ, қала орталығында 70-ке жуық нөмірі бар, заманауи технологиялармен жабдықталған «Пана Қаракөз» қонақүйінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл пайдалануға берілетін сәнді ғимаратта танымал «Tary» этно-кофеханасы да орналасады.

Бұдан кейін облыс әкімі балық шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған «Хан Бекіре» кооперативінің жұмысымен танысты. Жоба құны 31,4 млн теңге, ал өндірістік қуаттылығы жылына 28 мың тоннаны құрайды. Мұнда альянский, орыс бекіресі, янтарь және форель өсіріліп, жергілікті нарыққа шығарылуда.
Аймақ басшысы аралаған тағы бір нысан – құны 45 млн теңге болатын «Шапағат» жеке кәсіпкерлігінің 1 200 шаршы метрлік жылыжайы. Озық технологияны қолданған кәсіпкер мұнда Ташкент лимоны мен қиярдың бірнеше түрін баптауда.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшыларына өндірісті одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.


