Жаңалықтар

Егін басындағы жаңалық

Облыста күзгі жиын-терімге дайындық қалай жүріп жатыр?

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте биылғы күзгі егін жинау науқанына дайындық барысы мен өңірдегі су ахуалы жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы егін көлемін әртараптандыру жұмыстарын сапалы жүргізіп, күзгі жиын-терім науқанына дайындықты күшейтуді тапсырды.

Еске салсақ, биыл облыста 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Оның 89,7 мың гектары дәндi дақылдар, 6,1 мың гектары майлы дақылдар, 73,2 мың гектары мал азықтық дақылдар. Картоп, көкөнiс, бақша дақылдарының жалпы көлемі 16,8 мың гектарды құрайды. Егін көлемін әртараптандыру тапсырмасына сәйкес негізгі дақыл – күріштің көлемі 10,9 мың гектарға қысқарып, 70 мың гектарға егілді.

Қазіргі уақытта егілген күріштің 59,9 мың гектары үстеп қоректендіріліп, 62,3 мың гектары арамшөптерге қарсы химиялық өңдеуден өтті. Сонымен қатар, 70 мың гектар күріштің 15 мың гектарының суы байланды. Жоспарланған дәндік жүгерінің 10 557 гектары егіліп болып, күтіп-бапталуда. Күздік және жаздық бидай, сұлы жинау толық аяқталып, өнім алынуда. Ал көкөніс, бақша және басқа да дақылдарды жинау бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Техникалық қауіпсіздікті басты назарға ала отырып, күзгі егін жинау науқанына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауға алыңыздар», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сондай-ақ жиында Сырдария өзеніндегі су жағдайы туралы да мәлімет ұсынылды. Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 112,7 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 2,1 млрд текше метр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 907 млн текше метрге артық. Қазіргі уақытта Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 450 текше метр су жіберілуде. Ал Көксарай су реттегішінде жинақталған су көлемі 22,78 млн текше метрді құрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button