Тұрмағамбет атындағы оркестр жаңа маусымын бастады
«Егемен елдің күй керуені» концерті көрерменге жол тартты

Өнер орталығында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Егемен елдің күй керуені» атты маусымашар концерті өтті.

Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов және Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы Қазақ оркестрінің бас дирижері Рахат Мәдіреев дирижерлік етті.

Концерт барысында оркестрдің өнерпаздары мен халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетіп, көрерменге ұлттық музыканың таңдаулы туындыларын ұсынды. Кеш камералық хордың орындауындағы шығармалармен де толықты.
Музыкалық кеште қазақ күйінің құдіреті мен ұлттық өнердің маңызы дәріптеліп, оркестрдің жаңа маусымы салтанатты түрде басталды. Режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мәдениет саласының үздігі Азиза Іздіқұлова.



