
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы бірқатар құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты.

«Қызылорда Арена» көпсалалы спорт кешенінің жалпы аумағы 26 мың шаршы метр. «Aspan Holding» ЖШС салып жатқан нысан 9 блоктан тұрады. Мұнда 50 метрлік бассейн, халықаралық жарыстарға арналған 2 500 орындық зал, жаттығу залдары мен 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 93 пайызға аяқталған.

Сол жағалаудағы 500 орындық көпбейінді медициналық мекеме амбулаториялық, диагностикалық және күндізгі стационар қызметтерін көрсетеді. Мұнда 50 төсектік күндізгі стационар, дәріхана, залалсыздандыру бөлімі, медициналық қалдықтарды сақтау орны және оқу бөлмелері болады. Сонымен қатар 50 орындық аудитория мен 200 орындық конференц-зал қарастырылған.
Ал 300 төсектік көпбейінді аурухана емханасымен бірге салынып жатыр. Емхана бір ауысымда 100 адам қабылдайды. Жалпы аумағы 57 мың шаршы метр нысанды «Мелиоратор» компаниясы тұрғызуда. Кешенде емхана, стационар, физиотерапия, жансақтау, химиотерапия және сәулелік терапия, операциялық бөлімдер орналасады. Сондай-ақ заманауи диагностика мен емдеу технологиялары енгізіледі.
Президент саябағында 200 орындық перинаталдық орталық салынуда. Мұнда ана мен балаға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп, қабылдау, стационарлық, диагностикалық, хирургиялық және жансақтау бөлімдері, зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ титов шағын ауданындағы №5 қалалық емхана бір ауысымда 400 адам қабылдауға есептелген.



