Жаңалықтар

Шалқия ауылы жылдам интернетке қосылды

Шалқияда интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-қа жетті

Қызылорда облысының Шалқия ауылындағы алғашқы абоненттер жылдамдығы 100 Мбит/с интернетке қосылды. Ауыл ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы аясында интернетке қосылған алғашқы елді мекен.

Жоба ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық желілерді дамытып, тұрғындардың мемлекеттік онлайн-қызметтерге, цифрлық білімге және кәсіпкерлік мүмкіндіктерге қол жеткізуіне бағытталған.

Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, бұл бастама ауыл тұрғындарына қала халқымен бірдей жоғары жылдамдықты интернет пайдалануға мүмкіндік береді.

Жоба жетекшісі, Дүниежүзілік банк тобының цифрлық даму жөніндегі аға маманы Наталия Гельвановска-Гарсия ауылдардағы интернет қолжетімділігін арттыру цифрлық теңсіздікті азайтып, білім беру мен кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатынын атап өтті.

2026–2027 жылдары жоба аясында 1 123 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық желі салу жоспарланған. Нәтижесінде 445 мыңнан астам үй шаруашылығы немесе 2,3 миллионға жуық адам жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Желілердің жалпы ұзындығы шамамен 3,8 мың шақырымды құрайды.

Құрылыс жұмыстары байланыс операторларының қаражаты есебінен жүргізіледі. Жұмыстар аяқталған соң мемлекет расталған капиталдық шығындардың 50%-ына дейінгі бөлігін қайтарымсыз грант түрінде өтейді. Операторлар конкурс арқылы анықталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button