Жаңалықтар

Сыр жобалары халықаралық форумда марапатталды

Қызылордада $8,8 млн-ға зауыт салынады

Бүгін Шымкент қаласында IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.

Әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысқан форумда Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және индустриялық әлеуетін арттыруға үлес қосқан «Aksa Energy Qyzylorda» және «Fabe agro» серіктестіктері марапатталды.

Форумда инвестициялық әлеует пен экономиканы дамытудың басым бағыттары талқыланды. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайыз өсіп, 300 млрд АҚШ долларынан асты. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына жарты триллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылған.

Сыр өңіріндегі ірі жобалардың қатарында «Aksa Energy Qyzylorda» жылу электр орталығы мен «Fabe agro» заманауи жылыжай кешені бар. Құрылысына 215 млрд теңге инвестиция салынған жылу электр орталығы былтыр пайдалануға берілді. Ол 240 мегаватт электр және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді.

Ал «Fabe agro» жылыжай кешені азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, су мен жер ресурстарын тиімді пайдалануға және тұрғындарды жыл бойы көкөніспен қамтуға бағытталған. KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжат рәсімделді.

Сондай-ақ облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен Apex Packaging бас директоры Аңсар Мұқашев $8,8 млн болатын полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Жобаны «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарланған. Зауыт іске қосылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 25 млн қапшық пен 1,5 млн биг-бэг өндіріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button