Ақтөбе облысының делегациясы Сыр өңірімен әріптестікті дамытуды талқылады

Ақтөбе облысының ресми делегациясы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Қонақтарды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қабылдап, тараптар әлеуметтік-экономикалық даму, бірлескен жобалар және тәжірибе алмасу бағыттарын қарастырды.
Сапар барысында делегация өңірде жаңадан салынған нысандарды аралады. Атап айтқанда, УЕФА талаптарына сәйкес 11 мың орындық орталық стадион таныстырылды. Оның құрамында бокс, күрес, таеквондо, фитнес және өзге де залдар орналасқан.
Ақтөбеліктер сондай-ақ Президент саябағы мен сол жағалаудағы тарихи-өлкетану музейін көрді. Президент саябағын қайта жаңғырту жобасы шеңберінде балалар лагері, қысқы бақ және бірқатар қоғамдық кеңістіктер салынады. Жоба аясында аллея, амфитеатр, субұрқақтар, балалар және спорт алаңдары, фудкорт, веложол және жүгіру жолақтары қарастырылған.
Сонымен қатар ботаникалық бақ аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Онда әлемнің түрлі аймақтарынан әкелінген ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады. Балалар лагері орналасатын аумақта әкімшілік корпус, тұрғын корпустар, бассейн, стадион, футбол алаңы және іс-шара алаңдары салынады.



