Жаңалықтар

Бір жылда 115 кітап оқыған балақайлар

Бұл балалар үшін компьютерлік ойындар мен мультфильм көру қызық емес. Себебі бұл оқушылар кітап оқудан жарысады. Ағайынды Ақылжан мен Біржанның білімге деген қызығушылығы ерекше. Олар бір жылда 254 кітап оқыған.

Қаламыздағы №7 мектеп-лицейінің оқушылары. Біржан 3-сыныпта, ал ағасы Ақылжан 5-сыныпта оқиды. Біржан 8 жасына дейін 93 кітап оқыса, Ақылжан 10 жасына дейін 161 кітап оқып үлгерген.Жас болса да, кітапқа деген қызығушылықтары олардың зеректігін аңғартады. Біз ағайынды оқырмандардан шағын сұхбат алып көрдік.

– Ең сүйікті кітаптарың қандай?
Ақылжан: Менің сүйікті кітабым — «Хәрри Поттер». Бұл өте қызық, фантастикалық оқиға. Маған осы кейіпкер ұнайды.
Біржан: Маған қиял-ғажайып, фантастикалық кітаптар ұнайды.

– Қазір қандай кітап оқып жүрсіңдер?
Ақылжан: Қазір мен «Сол» деген кітапты оқып жүрмін. Сонымен қатар «Жасыл миль» сияқты қызықты, сәл қорқынышты шығармаларды да оқығым келеді.
Біржан: Мен көбіне фантастика және комикстер оқимын. Олар өте қызықты.

– Мектеп кітаптарын оқисыңдар ма, әлде өздерің таңдайсыңдар ма?
Ақылжан: Шынымды айтсам, бізге мектеп кітаптарынан гөрі өзіміз таңдаған кітаптар қызығырақ.
Біржан: Бізге кітаптарды әкеміз сатып алып береді. Өзіміз таңдаған кітаптарды оқыған ұнайды.

– Бос уақыттарыңды қалай өткізесіңдер?
Ақылжан: Кешке отбасымызбен бірге фильм көреміз. Оқыған кітаптарымның киносын көремін.
Біржан: Мен спортпен айналысамын, күреске қатысамын. Бірақ кітап оқуға да уақыт табамын.

– Сендерде смартфон бар ма?
Ақылжан: Жоқ, бізде смартфон жоқ.                                                                                                               Біржан: Біз көбіне кітап оқимыз немесе отбасымызбен уақыт өткіземіз.

Ақылжан өзінің сүйікті кейіпкері Хәрри Потер сияқты сабырлы, ақылды болғысы келеді. Ал Біржан комикстердегі тентек, шапшаң кейіпкерге ұқсағысы келеді. Оның мінезі де сондай. Күреспен айналысады, қимылы жылдам, ойы зерек.Ағайынды балалардың кітапқа деген қызығушылығының қалыптасуына отбасының әсері зор. Бұл туралы олардың әжесі Жақсыгүл Жаңабайқызы айтып берді.

– Балаларды кітап оқуға қалай баулыдыңыз?
Әжесі: Мен оларға кішкентай кезінен бастап ертегі оқып беретінмін. Үш жасынан бастап тыңдайтын, ұйықтамай «тағы оқыңыз»,- деп отыратын.  

Қазір балалар қанша уақыт кітап оқиды?
Әжесі: Кішкентайларға күніне 30 минут ертегі оқимын. Ал үлкендері өздері бір сағаттан да көп оқиды. Кейде «Бүгін кітап оқыдыңдар ма?»,-  деп сұрап қоямын.

Қазіргі ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
Әжесі: Балаларға кішкентайынан кітап оқып беру керек. Телефонды ерте берудің қажеті жоқ. Кешке отбасымен бірге жақсы фильм көру де пайдалы. Біздің үйде сондай дәстүр бар. Барлығымыз дастархан жайып, кешкі уақытта фильм көреміз. Осылай отбасыға көңіл бөлу керек. 

Кітап құмар балалар ертең жазушы болады деп ойлаcаңыз қателесесіз. Себебі олардың әрқайсысының өз арманы бар. Біржан болашақта танымал футболшы болғысы келеді. Ол спортты жақсы көреді, күреспен айналысады және жылдам қимылдайды. Ақылжан болса IT саласына бет бұрғысы келеді. Оған информатика, технологиялар мен логика әлемі қызық.

Бұл балалар үшін кітап — жай ғана уақыт өткізу құралы емес, жаңа әлем мен жаңа арманға бастайтын жол. Асылжан мен Біржан Шерехан оқыған әрбір кітаптан өздеріне ой түйіп, кейіпкерлерімен бірге өсіп келеді. Бәлкім, дәл осындай қарапайым әдет, олардың болашағына үлкен жол ашып жатқан шығар. Ең бастысы, олар кітапты мәжбүрліктен емес, шын қызығушылықпен оқиды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button