Қайтарылған 1,1 миллиард теңге қайда кетті?
Жаңақорғанда 1500 отбасы сапалы суға қол жеткізді

Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» шағын ауданында заманауи су тарату станциясы мен қосылу тармағы ресми түрде пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыс прокуроры Ризабек Ожаров қатысып, жергілікті тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады.

Аталған нысанның құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз активтерді мемлекетке қайтару аясында жүзеге асты. Бас прокуратураның үйлестіруімен 2025–2026 жылдары өңірге бөлінген 45 миллиард теңгенің 1,1 миллиарды дәл осы Жаңақорғандағы су станциясын салуға бағытталған. Нәтижесінде кенттегі 1500-ге жуық тұрғын үй толықтай сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етілді.

Соңғы төрт жылда Қызылорда облысының бюджеті екі есе өсіп, 809 миллиард теңгеге жетті, ал даму бюджеті 4,3 есе артты. Мұндай ауқымды қаржыландыру аймақтың инфрақұрылымын түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беруде.

Бүгінде облыс халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін өңірді газдандыру деңгейі 85 пайызға жетіп, 6 200-ден астам отбасы жаңа пәтерге көшеді, ал жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95,5 пайызды құрамақ.



