Жаңалықтар

«Қайсардың» жаңа дәуірі басталды

Аймаққа ҚФФ басшылығы арнайы келді

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Манн Скотты арнайы қабылдап, Сыр өңіріндегі футболдың болашағын талқылады.

Кездесуде бұқаралық спортты дамытудан бастап, кәсіби клуб пен академияны біріктіретін біртұтас жүйе құру жайы сөз болды. Аймақ басшысы «Қайсар» футбол клубының жекешелендірілгенін және қазіргі таңда команданың заманауи базасы мен өз тәрбиеленушілерін даярлайтын академия құрылысы белсенді жүріп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қызылордалық ұжым Қазақстан Кубогының жартылай финалына өтіп, алғашқы кездесуде «Жеңісті» 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын, ал жауапты ойын 19 тамызға жоспарланған.

Өңірдегі спорттық инфрақұрылым да рекордтық қарқынмен дамуда: 2022 жылдан бері аймақта 27 спорт нысаны пайдалануға берілсе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионына өткен айда УЕФА-ның ең жоғары IV санаты берілді. Оған қоса, облыс орталығында аумағы 25 мың шаршы метрлік «Қызылорда Арена» спорт кешені салынып жатыр, сондай-ақ демеушілер мен қорлардың қолдауымен Ғ. Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы, Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, Теннис орталығы, жаңа спорт кешендері мен Инклюзивті спорт орталығы ел игілігіне табысталды.

Бүгінде облыста 377 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button