Ерлан Қарин Абай сыйлығының неге берілмегенін түсіндірді
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың ережесі өзгереді

Биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық ешкімге берілмеді. Комиссия төрағасы Ерлан Қарин мұның себебін түсіндірді.
Оның айтуынша, байқауға ұсынылған үміткерлердің барлығы ұлттық руханиятқа үлес қосқан белгілі тұлғалар. Алайда мемлекеттік сыйлық адамның беделіне емес, нақты туындысына берілуі керек.
Ерлан Қариннің сөзінше, дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір шығарма комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие болмаған. Қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болған.
Ол сондай-ақ Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі мен ережесіне өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді. Оның пікірінше, сыйлық мерейтойға немесе үміткердің материалдық жағдайына байланысты берілмеуі керек.
Айта кетейік, 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық адамға берілген.



