Ғасыр куәгері таңдау жасады

Жалағаш ауданындағы №131 сайлау учаскесінде ерекше оқиға өтті: 95 жастағы Мыңбай Байтынов ақсақал Құрылтай сайлауына қатысып, белсенділік танытты.
Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, талай тарихи кезеңді бастан өткерген қария бұл жолы да маңызды саяси науқаннан шет қалған жоқ. Оның сайлау учаскесіне арнайы келіп, өз дауысын беруі — туған жер мен ел келешегіне деген жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

«Құрылтай сайлауы — елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға, халықтың үні мен ұсынысын жеткізуге мүмкіндік беретін қоғамдық алаң. Сондықтан оған қатысу — әрбір азаматтың парасаты. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Келешек ұрпақтың бағы ашылып, мемлекетіміздің іргесі берік болғай. Ел үшін жасалған әрбір игі бастама халықтың игілігіне қызмет етсін», – деп ақсақал жиналғандарға ақ батасын берді.
Аға буынның бұл қадамы — ел ертеңіне деген сенімнің көрінісі әрі кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани аманат.



