
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Қазалы ауданындағы орман тұқымбақтарының жұмысымен танысты.

Қазалы қаласында жақында іске қосылған тұқымбақ Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен 440 млн теңгеге жүзеге асырылған. Аумағы 33,5 гектар тұқымбақта қара сексеуіл, жапырақты және жеміс дақылдары, үйеңкі секілді ағаштар өсіріледі. Мұнда 45 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының тұқымбағы таныстырылды. Аумағы 32 гектар нысанда жылына 1–1,5 млн дана көшет өсіріледі. Мұнда 10 түрлі ағаш және бес түрлі жеміс көшеті жерсіндірілген.
Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызылатын сексеуіл көшеттері де осы жерде дайындалады. Қазір тұқымбақта 41 адам жұмыспен қамтылған.



