Жаңалықтар
Құрылтай сайлауында ұлттық нақыштағы салтанатты шеру өтті

Құрылтай сайлауы күні Руханият скверінде ұлттық рухты ұлықтаған айрықша салтанатты шеру өтті.

Мәдениет орталығының өнерпаздары ұйымдастырған бұл шараға 50-ге жуық адам қатысып, халқымыздың бай салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын паш етті.
Шеру сапында айбынды батырлар, ел ағалары — ақсақалдар, абыз аналар және ұлттық киім киген мәдениет саласының қызметкерлері жүріп өтті.

Батырлар қолдарына найза ұстап, жандарында қазақтың саятшылық дәстүрін айшықтайтын қыран құстары мен тазы иттерін ертіп, көшпелі мәдениеттің айбынды келбетін қайта жаңғыртты.
Ұлттық нақыштағы бұл ерекше шеру тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, маңызды саяси науқанның сәнін кіргізді.



