
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Арал ауданындағы Көкарал бөгетіне барып, өңірдегі су шаруашылығының қазіргі жағдайымен танысты.

Қазір Сырдарияның төменгі ағысындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда артқан. Шардара су қоймасына секундына 193,9 текше метр су түсіп, су көлемі 999 млн текше метрге жетті. Арал теңізіне секундына 150 текше метр су түсіп жатыр.

Делегация Арал теңізінің құрғаған ұлтанында жүргізілген жұмыстарды да көрді. 2021–2026 жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,1 млн гектар аумақта фитоорманмелиорация жүргізілді.

Құрғаған табаннан көтерілетін тұзды шаңның әсерін азайту үшін мұнда бірнеше жылдан бері сексеуіл және басқа да өсімдіктер егілуде. Сонымен қатар «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қаржыландыруымен 500 метр тереңдіктен екі тұщы су ұңғымасы қазылып, іске қосылды. Су жайылған аумақта шөптесін өсімдіктер пайда болып, жабайы аңдар мен құстар көбейген.

Алдағы уақытта ұңғымалардың бірі орналасқан 15 гектар аумақта орман тұқымбағын құру жоспарланып отыр.



