
Шиелі ауданында «Vigor Holding» компаниясының қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы іске қосылды. Жобаның ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры-инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері, компания және жобаны қаржыландырған «Қазақстанның Даму Банкінің» өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа жобаның өңірдің энергетика саласын дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет индустрия, энергетика және құрылыс салаларына инвестиция тартуға және заманауи өндірістер ашуға қолдау көрсетіп келеді.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінде Қызылорда облысында жалпы қуаттылығы 151 МВт болатын 11 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қуаттылығы 225 МВт-тан асатын тағы 7 станцияны іске қосу жоспарланған.

Қазір Арал және Жаңақорған аудандарында 30 МВт-тық станциялар салынып жатыр. Қызылорда қаласында 15 МВт, ал Шиелі ауданында әрқайсысы 60 МВт болатын екі станцияның жобасы әзірленуде. Сонымен қатар «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің 10 МВт станциясының құрылысы алдағы айда басталады.



