Жаңалықтар

Мұрат Ергешбаев халықаралық жарыс жүлдегерлерін қабылдады

Спортшыларға қаржылай сертификат табысталды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлерін және тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Ермұхамед Әләйдарды қабылдады.


VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алыш күресінен Жандос Әбубәкіров қола жүлде иеленді. Көк бөріден Нұрлыбек Асқаров, көкпардан Алмат Жүнісов ұлттық құрама сапында күміс медаль жеңіп алды.


Ал Румынияның Бухарест қаласында өткен тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында Ермұхамед Әләйдар жеңімпаз атанды.


Спортшыларды облыс әкімі жетістіктерімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Жиында жеңімпаздарға Мемлекет басшысының Алғыс хаты, облыстың Құрмет грамотасы және қаржылай сертификаттар табысталды.


Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Өңірде 2022 жылдан бері 27 заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Қазір Қызылорда қаласында «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта тағы 6 спорт кешені ел игілігіне беріледі.

Бүгінде облыста 377 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты шұғылданады. Бұл – өңір халқының 44,6 пайызы. Жыл басынан бері Сыр спортшылары әлем және Азия чемпионаттарынан 34 алтын, 27 күміс, 28 қола медаль, ал Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарынан 192 алтын, 150 күміс, 192 қола жүлде жеңіп алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button