
Қызылорда облысында жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазір тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп, 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылуға қосылуда.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жылу беру маусымының өту барысы Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің бақылауында екенін айтып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен, электр энергиясымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаментіне өрт пен газдан уланудың алдын алып, нысандардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру міндеттелді.

Өңірге жалпы 80 мың тонна көмір қажет. Оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған. Қазіргі таңда әлеуметтік нысандар қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте «Digital Qazaqstan» стратегиясы, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық жобаларды іске асыру мәселелері де қаралды. Бұдан бөлек, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыру, каналдарды бетондау және әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй сапасы бойынша жұмыстар пысықталды.




