
Қазақстан мектептерінде үлкен реформа басталып кетті. Оқу-ағарту министрлігі жасанды интеллектіні оқу бағдарламасына ресми түрде енгізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін, 2025 жылы «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, 2026 жылдың мамырында Президент Жарлығы күшіне енді. Осы саяси шешімдердің нәтижесінде бұрынғы «Цифрлық сауаттылық» пәні енді 1-4 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект»болып өзгертілді. Бағдарламаға жалпы 43 жаңа оқу мақсаты қосылды: бастауыш сыныптар (17 мақсат) ЖИ-мен танысып, медиасауаттылық пен киберқауіпсіздікті үйренсе, орта буын (14 мақсат) дұрыс сұраныс (prompt) құрастыруды, алынған ақпаратты сыни бағалауды және академиялық адалдықты меңгереді, ал жоғары сынып оқушылары (12 мақсат) машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография сияқты өте күрделі бағыттарды зерттейтін болады.
Пилоттық сынақтан сәтті өткен бұл бағдарлама бекітілу сатысында, ал мұғалімдерге арнайы әдістемелік нұсқаулықтар әзірленіп жатыр.


