
Жаңа оқу жылының жақындауына байланысты Қызылордада қоғамдық көлік жұмысы толығымен қайта қаралуда. Жолаушылар ағынының артуына орай қалалық автобустар күшейтілген режимге көшеді.

Шаһар басшысы Нұржан Ахатов «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не арнайы барып, қоғамдық көліктердің дайындығын өз көзімен тексерді. Әкім әрбір автобустың ішкі-сыртқы тазалығы мен санитарлық жағдайын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Енді бағытқа шығатын әрбір көлік міндетті түрде жуылып, дезинфекциядан өтеді.

25 тамыздан бастап оқу орындары орналасқан аумақтардағы автобустардың жүру уақыты барынша жиілейді (қазіргі орташа интервал — 12-15 минут).

Бүгінде қала бойынша күн сайын 260 автобус қатынайды. Олардың техникалық жағдайы күн сайын тексеріліп, ақауы бар көліктер бірден резервтегі автобустармен алмастырылады. Сабаққа қатысатын оқушылар мен студенттердің қауіпсіз әрі уақытылы жетуі үшін қозғалыс кестесінің сақталуы басты назарда болады.
«Біздің басты міндетіміз – балаларымыздың мектепке қауіпсіз барып-келуін қамтамасыз ету. Автобустардың кешігуіне немесе салондардың таза болмауына жол берілмеуі тиіс», – деп атап өтті қала әкімі Нұржан Ахатов.
Жаңа оқу жылы қарсаңында қоғамдық көліктердің санитарлық жағдайы мен қозғалыс жиілігі арнайы мамандардың тұрақты бақылауында болмақ.



