Қызылордада ерекше балалар орталығы ашылады

Қызылорда қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға тұрақты оңалту қызметін ұсынуды көздеген аналардың жобасы жүзеге аспақ. 50-ге жуық ата-ана өз күшімен қолға алған бастамаға «Әділет» партиясы мен жергілікті кәсіпкерлер назар аударып, нақты қолдау көрсете бастады. ДЦП диагнозы бар балалардың анасы Айжан Смағұлованың айтуынша, ата-аналар төрт жыл бойы ғимарат жалдап, Астанадан тәжірибелі реабилитолог мамандарды өз қаражаттарына алдыртып келген.
Жақында бұл мәселе оң шешімін тауып, «Қазына и К» ЖШС құрылтайшысы Қазына Байтуғанова аналарға 160 шаршы метрлік ғимаратты тегін пайдалануға берді. Ата-аналар нысанды өз қалталарынан қаржыландырып, әрлеп, жеңіл жөндеуден өткізгенімен, оны толық іске қосу үшін арнайы жиһаздар мен оңалту құрал-жабдықтары қажет болып отыр.
«Ішін тазалап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Ата-аналардың қалтасы үнемі көтере бермейді. Себебі балаларының емі, тамағы, киімі бар. Сондықтан «Әділет» партиясына барып көмек сұрадық», – дейді жоба бастамашысы.
Осы өтініш негізінде «Әділет» партиясының Қызылорда облыстық филиалының өкілдері мен облыстық Балалар құқығын қорғау басқармасының басшылығы ғимаратқа арнайы барып, жағдаймен танысты. Кездесу нәтижесінде оңалту қызметін заңды тіркеу және мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану бойынша көмек көрсетілетіні белгілі болды. Сонымен қатар қазан айының ортасында арнайы қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, түскен қаражат орталыққа қажетті жабдықтар алуға жұмсалмақ. Алғашқы нақты көмек ретінде «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Дәулет Ізбасарұлы тазалық жұмыстарына және поливалентті төсеніштер алуға қаржылай үлес қосып, ғимарат сыртына тегін маңдайша орнатып беруді өз мойнына алды.
«Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай бұл мәселені бір отбасының өтініші емес, нақты шешімін табуды қажет ететін әлеуметтік маңызды міндет ретінде қабылдайтынын және тиісті органдармен бірлесіп, демеушілік көмек тартуға ықпал ететінін жеткізді.
Жаңа орталық толық жабдықталып, жұмысын бастаған жағдайда, Қызылордадағы 100-ге жуық ерекше бала тұрақты түрде сапалы оңалту қызметін алатын болады.



