Облыс әкімі дауыс берді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Құзыреттілік орталығындағы» №222 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Тұрғындармен кездесіп, пікірлерін тыңдады.

«Жыл басында Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысында Президентіміз еліміздің алдағы стратегиялық бағытын айқындап, конституциялық реформаларды ұсынған болатын.
Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституциямыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістерге жол ашып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Бүгін өтіп жатқан Құрылтай депутаттарының сайлауы – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанның жаңа бағдарын айқындайтын тарихи оқиға.
Жаңа Құрылтай Парламенттік жүйенің тарихи сабақтастығын сақтап, егемен еліміздің жарқын болашағына қызмет етеді. Сыр жұртшылығы еліміздің ертеңіне бейжай қарамай, бүгінгі сайлауға да белсенді қатысады деп сенемін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.


