Биыл бидайдың тоннасы 115 мың теңгеге дейін бағаланады
Астық экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау жалғасады

2026 жылғы 3-сыныпты бидайдың сатып алу бағасы сапалық көрсеткішіне қарай тоннасына 92-ден 115 мың теңгеге дейін белгіленеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Арқалықта Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінің шаруаларымен кездесуде айтты.
Оның сөзінше, баға өткен жылғы деңгейде қалады. Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы нарық үшін эталон ретінде қызмет етеді. Шаруаларға қолдау астықты форвардтық және тікелей сатып алу арқылы көрсетіледі.
Сондай-ақ астық трейдерлеріне ҚҚС-ты қайтару қарастырылған. Ал астық экспорттаушыларға мемлекеттік шығындарды өтеу бағдарламасы 2026–2027 маркетингтік жылға ұзартылмақ.
Бұған дейін көлік шығындарын субсидиялау қазақстандық астықтың экспорттық географиясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазақстандық бидайды Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Марокко, Алжир және Мысыр сатып алған.
Кездесуде мал шаруашылығын дамыту мәселелері де талқыланды. Қостанай облысының Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандарында 1 132 фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Жалпы егіс алқабы — 581,1 мың гектар.
Фермерлер «Жайлау» бағдарламасын қайта іске асыруды және асыл тұқымды малдың шекті құнын қайта қарауды ұсынды. Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті өзгерістерді пысықтауды тапсырды.
Сонымен қатар Арқалықта эмбриондар өндіретін генетикалық орталық пен мал тасымалдауға арналған логистикалық хаб құру жоспары таныстырылды.



