Жалағаш пен Тереңөзекте теміржол пункттері жаңаруда
Теміржол нысандарына 10,2 млрд теңге бөлінді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жалағаш және Сырдария аудандарындағы теміржол қызмет көрсету пункттерінің құрылыс барысымен танысты.

Жалағаш станциясы арқылы тәулігіне 5 жұп, яғни 10 жолаушылар пойызы өтеді. Мұндағы нысан құрылысына 708 млн теңге бөлініп, жұмыстың 65 пайызы орындалған. Қазір сыртқы қабырғаларды қаптау, ішкі әрлеу, еденге тақтайша төсеу және перронның тіреу қабырғаларын монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Тереңөзектегі жаңа теміржол қызмет көрсету пунктіне 669,5 млн теңге қаралған. Нысанда гранитпен қаптау, ішкі әрлеу, вентиляция жүйесін орнату, арматура тоқу, опалубка орнату және бетон құю жұмыстары атқарылуда.

Қызылорда облысы аумағынан 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. Өңірдегі 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі платформа күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарының тізіміне енгізілген.

Жалпы құрылыс, күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарына 10,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінде Арал теңізі, Сексеуіл, Қазалы, Төретам, Жосалы, Шиелі, Жаңақорған вокзалдары мен Талап бекетіндегі платформа халық игілігіне табысталды.



