Қызылордада интернет желісі кеңейтіледі
Өңірдегі 65 ауылға талшықты-оптикалық желі тартылады

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында телекоммуникация саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режимде қатысты.
Қазір Қызылорда облысындағы 222 ауылдың 207-сі мобильді интернетпен қамтылған. Ал 140 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған. Өңірде 1005 базалық станция жұмыс істейді.
Мобильді интернет жоқ 15 ауылдың 11-і спутниктік технология арқылы желіге қосылды. Қалған 4 елді мекенді 2027 жылдың соңына дейін интернетпен қамту жоспарланған. Сонымен қатар өңірде 158 базалық 5G станциясы бар.
2026–2027 жылдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, 65 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу көзделген. Қазір оның 14-інде жұмыс аяқталған.
Сондай-ақ «Қызылорда – Жезқазған» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолдарының бойында 9 антенналық діңгек орнату жоспарланған. Оның екеуі жыл соңына дейін, қалған жетеуі 2027 жылы іске қосылады.
Алдағы жылдың соңына дейін 129 ауылда интернетті әр үйге жеткізетін «Соңғы миль» жобасы жүзеге асырылмақ.



