Қызылордада «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті
Цифрлық дәуірдегі ана тәрбиесінің рөлі талқыланды

Бүгін Қызылордадағы «Достық үйінде» «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбында «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті.

Форумға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, ғалым, биотехнолог, отандық «QazVac» вакцинасының авторы Күнсұлу Закария, «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы Назипа Шанаи, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, мемлекеттік органдар өкілдері, әнші Мәдина Сәдуақасова және еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар қатысты.

Форумның мақсаты – ананың қоғамдағы биік мәртебесін айшықтау, ұлт тәрбиесіне үлес қосып жүрген жандардың еңбегін дәріптеу, отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені нығайту.

Облыс әкімі өз сөзінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі арта түскенін атап өтті.

«Цифрлық дәуірде ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбиені қатар беру – басты міндетіміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Форум барысында дәстүр сабақтастығы, ұрпақ тәрбиесі, әйел ғалымдардың орны, ана мен баланың жағдайы, тұлға қалыптастырудағы ананың рөлі, отбасы құндылықтары және ана саулығы тақырыптары талқыланды.



