
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Жиында бұған дейін Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарған Ардақ Ибраимовты жаңа қызметке шығарып салды.

Ардақ Ибраимов Қазақстан Республикасы Үкіметінің Индустриялық және инфрақұрылымдық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Аймақ басшысы оның мемлекеттік қызметтегі еңбегін атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Жиында Ардақ Ибраимовқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.
Ардақ Ибраимов еңбек жолын 2006 жылы «Қазгермұнай» компаниясында инженердің көмекшісі ретінде бастаған. Кейін мұнай және құрылыс салаларында түрлі басшылық қызметтер атқарды.
2019–2023 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы, қала әкімінің кеңесшісі, Белкөл кентінің әкімі, облыс әкімдігі іс басқармасының директоры және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.
2023 жылдың қазан айынан бастап Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарды үйлестірді. Енді еңбек жолын Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратында жалғастырады.



