Жаңалықтар

Кәсіподақ еңбек адамдарының құқығын қорғауда

Өңірде 779 техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізіп келеді

10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында еңбек адамдарының құқығын қорғау және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға арналған баспасөз конференциясы өтті.

Брифингте «Қызылорда облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Ыбырайханұлы Нәлібаев өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысына тоқталды.

«Бүгінде Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы құрамындағы 11 салалық кәсіподақта 994 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, олар өңірдегі жұмыскерлердің 30 пайызға жуығын немесе 94 275 кәсіподақ мүшесін біріктіреді. Еңбек адамына құқықтық көмек көрсету біздің басты назарымызда. Мәселен, орталық жанындағы Заң клиникасының қолдауымен ірі мұнай компаниясындағы 320 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалып, жалақыны индекстеу мәселесі оң шешімін тапты, сондай-ақ 59 жұмыскерге тиесілі төлемдер толық көлемде жүргізілді. Бұдан бөлек, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорындарда 779 техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізіп келеді», – деді Мақсұт Ыбырайханұлы.

Сондай-ақ брифингте облыстық үшжақты комиссия жұмысы, ірі кәсіпорындармен жасалған меморандумдар және еңбек дауларының алдын алу мәселелері айтылды.

«Қуатты кәсіподақтар еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай науқаны аясындағы бастамалар да өңірде жүйелі түрде жалғасып жатқаны жеткізілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button