Қазақстандағы корей батыры
Сіз Қызылордада жерленген корей батыры туралы білесіз бе? Неліктен ол өз елінен жырақта, қазақ жерінде өмірінің соңын өткізді?
Хон Бом До – Кореяның ұлттық тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға. Оның тағдыры тек Кореямен ғана емес, Қазақстанмен де тығыз байланысты. Өмірінің соңғы жылдарын осы жерде өткізіп, осында жерленген батырдың өмір жолы – ерлік пен қарапайымдылықтың ерекше үлгісі. Ол қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, аңшылықпен айналысқан. Кейін жапон отаршылдығына қарсы күресте ерлігімен танылып, халық арасында «ұшқыр генерал» атанған. Ол Корея тәуелсіздігі жолында бар өмірін арнады.
Алайда тағдыр оны Қазақстанға алып келді. Қартайған шағында Қызылордаға келіп, қарапайым өмір сүрді. Мұнда ол екі түрлі жұмыс істеген: күріш өңдеу саласында еңбек етіп, сонымен қатар корей театрында от жағушы болған. Бір кездері елін қорғаған батырдың осындай қарапайым өмір сүруі оның адамгершілік болмысын айқын көрсетеді.
Корей театрында от жағушы болып жұмыс істеп жүрген қарапайым қарттың шын мәнінде кім екенін бір күні театр режиссерлері кездейсоқ біліп қалады. Олар оның өткен өміріне қызығушылық танытады. Сол кезде ғана оның Корея тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі генерал екенін түсінеді. Бұл оқиға режиссерлерге қатты әсер етіп, олар Хон Бом Доның өмірі туралы арнайы спектакль қояды. Яғни, көзі тірісінде-ақ оның ерлігі сахнада көрсетілген.
Бүгінде Қызылордада оның құрметіне мемориал салынған. Бұл нысан Оңтүстік Кореяның қолдауымен жүзеге асқан. Қазіргі таңда бұл орын – тарихи жадының маңызды орталығы. Мемориалда қызмет ететін маман Елена Анмен шағын сұхбат барысында батырдың тұлғасы туралы сұрадық:
– Хон Бом До қандай адам болған?
Елена Ан:
— Ол ең алдымен жауынгер болған. Сонымен қатар аңшы болған, өмір бойы қиын жағдайда тіршілік етіп, қалай болса да күн көрген адам. Тіпті қартайған шағында да қарап отырмаған, жұмыс істеп, еңбек еткен. Оған оңай болмаған. Бірақ ол ешқашан бай болуды мақсат етпеген. Ол үшін ең бастысы – өмір сүру, адал болу. Сол себепті ол қандай қарапайым болса, сол қалпында қалған.
Сондай-ақ Елена Ан батыр есімінің әртүрлі жазылуына да тоқталды. Оның айтуынша, бұрын есімі әрқалай жазылып келген, себебі қалай естілсе, солай жазылған. Ал қазіргі таңда «Хон Бом До» нұсқасы кеңінен қолданылып отыр.
Хон Бом Доның өмірі – бұл тек тарихи дерек емес, бұл үлкен тағылым. Ол – қиындыққа мойымаған, тағдырдың сынағына төтеп берген, қарапайымдылықты сақтай білген тұлға. Оның есімі бүгінгі күні де ұмытылмай, келер ұрпаққа үлгі болып келеді.




