Жаңалықтар

Жаңақорғандықтар облыс әкімі Мұрат Ергешбаевқа ұсыныстарын жеткізді

Жол жөндеу мен каналдарды бетондау мәселесі көтерілді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың тұрғындармен кездесуі Жаңақорған ауданында жалғасты. Аймақ басшысы құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуге 50-ден астам тұрғын келді.

Тұрғындар спорт кешендерін салу, электр желілерін жаңарту, каналдарды бетондау, жол жөндеу және елді мекендерді газдандыру мәселелерін көтерді.

Бірлік ауылының тұрғыны Ш. Нарынбаева көшесін асфальттауды сұрады. Көшені орташа жөндеудің жоба-сметалық құжаттамасына биыл жергілікті бюджеттен 3,6 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Ал Жаңарық ауылының тұрғыны «Р-22» каналын бетондау мәселесін көтерді. Ұзындығы 12,693 шақырым каналды бетондауға қажетті құжаттама биыл демеушілік қаражат есебінен әзірленіп, оң қорытынды берілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаражат республикалық бюджет есебінен қолдау тауып, қаржыландыру алдағы жылдың жоспарына енгізілген.

Қабылдау барысында тұрғындарға көтерілген мәселелердің заң аясында қарастырылатыны түсіндірілді. Жауапты орган басшыларына тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды. Құқық қорғау органдарының басшылары азаматтарға мәселелерінің заңдық шешімі бойынша кеңес берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button