
Жаңа оқу жылының жақындауына байланысты ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, дайындық барысы қаралды. Жиынға аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев селекторлық режимде қатысып, кейін өңірдегі өзекті мәселелер бойынша арнайы мәжіліс өткізді. Қазіргі таңда облыстағы 31 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал аймақ басшысы 20 тамызға дейін барлық жөндеуді толық аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге оқулықтармен қамтамасыз ету, «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға көмектесу және жеке мектептегі мұқтаж оқушыларға демеушілер есебінен қолдау білдіру жүктелді.
Сауда орындарында мектеп формасы мен оқу құралдары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен жеңілдетілген бағадағы арнайы жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жалпы аймақта 651 мектепке дейінгі ұйым, 327 мектеп және 28 колледж жұмыс істейді, ондағы 1-11 сынып оқушыларының жалпы саны 190 мыңнан асады. Биыл бірінші сыныпқа 17 700 бала қабылданады деп жоспарланған, ал құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Өңірдегі 63 қосымша білім беру ұйымында 70 мыңға жуық оқушы қамтылған, сондай-ақ жақында ашылған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетеді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камералары Жедел әрекет ету орталығына толық қосылып, өрт және санитарлық талаптар қатаң тексеріледі. Қала мен аудан әкімдіктеріне 25 тамызға дейін мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер жолы мен жол белгілеріндегі кемшіліктерді жою тапсырылды. Көлік қозғалысы мен оқушы саны көп аймақтарда жол полициясының күнделікті кезекшілігі ұйымдастырылып, оқушылар арасында құқықтық тәрбие беру жұмыстары күшейтіледі. Жиын соңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндама жасап, мектеп дайындығынан бөлек суға шомылу маусымы мен жылу беру кезеңіне дайындық мәселелері де талқыланып, тиісті тапсырмалар жүктелді.



