Жаңалықтар
Бюджеттен 47,5 млрд теңге үнемделді

Қазақстанда мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру шаралары аясында 44,4 млрд теңге үнемделіп, тағы 3,1 млрд теңгені қысқарту мүмкіндігі анықталды. Бұл туралы Құрылтай отырысында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, басты назар бюджет қаражатын жай ғана игеруге емес, ең өзекті жобаларды іріктеп, қаржыны нақты нәтижеге бағыттауға аударылып отыр. Осы мақсатта бюджеттік шолу тетігі тұрақты қолданыла бастады.
Талдау нәтижесінде басымдығы төмен шығындар мен қаржыландыру тәсілдері қайта қаралып, 44,4 млрд теңге оңтайландырылды. Сонымен қатар талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулерге, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге жұмсалатын шығыстар қайта тексеріліп, қосымша 3,1 млрд теңге ішкі резерв табылды.
Алдағы кезеңге мемлекеттік органдар бастапқыда 36,9 трлн теңгеге сұраныс берген. Алайда жүргізілген сүзгілеуден кейін оның тек 30,2 трлн теңгесі ғана мақұлданды.
Мемлекеттік органдар сұратқан қаражаттың 5,1 трлн теңгесі негізсіз деп танылды. Өйткені бұл шығыстар бойынша нормативтік құқықтық актілер, әдістемелер, бекітілген тарифтер мен растаушы құжаттар ұсынылмаған, сондай-ақ олардың республикалық бюджеттен төлену қажеттілігі дәлелденбеген. Ал даму жоспарларына қажетті деп танылған тағы 1,3 трлн теңгелік жобалар бюджеттің қазіргі мүмкіндігіне байланысты қаржыландырусыз қалды.
Абзал Бейсенбекұлы жаңа Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес жоспарлау тәсілдері түбегейлі өзгергенін атап өтті. Ендігі кезекте ең маңызды мемлекеттік жобалар бірінші іріктеліп, ішкі үнемдеу қорлары анықталады және қажет болған жағдайда балама қаржыландыру көздері қарастырылады. Сондай-ақ мемлекеттік инвестициялық жобалар қаражатты шұғыл мәселелерге бағыттау үшін ведомстволық арнайы жоспарлар арқылы жүзеге асырылмақ.



