
Сыр өңірінде Спорт күніне арналған салтанатты шара өтіп, жыл бойы ел намысын халықаралық және республикалық ареналарда абыроймен қорғаған үздік спортшылар мен бапкерлер құрмет төріне шықты.

«Құзыреттілік орталығында» өткен жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен спорт ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы Сыр спортшыларының жетістіктеріне жоғары баға беріп, жыл басынан бері жерлестеріміз Әлем және Азия чемпионаттарынан 31 алтын, 16 күміс, 22 қола, ал ел біріншіліктерінде 120 алтын, 100 күміс, 162 қола жүлдеге қол жеткізгенін тілге тиек етті.

Салтанатты жиында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан Әлем чемпионатында қола жүлде иеленген ұлттық құрама мүшелері — жерлестеріміз Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Ерасыл Әбдібекке 1 миллион теңгенің қаржылай сертификаттары табыс етілді.

Сонымен қатар, Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен халықаралық турнирде топ жарған Айдос Сұлтанғалидың және Қазақстан Кубогының финалына жолдама алған «Қайсар» футбол клубының табыстары ерекше аталды.

Шара барысында саланы дамытуға үлес қосқан азаматтарға облыстың Құрмет грамоталары, төсбелгілер мен Туризм және спорт министрлігінің ведомстволық марапаттары табысталды.

Бүгінде өңірде 388 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен шұғылданады. Соңғы жылдары өңірде УЕФА-ның 4-санатындағы 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы мен 24 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын «Қызылорда Арена» кешені де ел игілігіне берілмек.



