Жаңалықтар

Сыр өңірінде 90 отбасы бір сәтте баспаналы болды

Қызылордада әлеуметтік жағынан осал топтағы 90 отбасы жаңа пәтерге ие болып, баспана қуанышына кенелді. Сол жағалауда бой көтерген заманауи екі көпқабатты үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен қала тұрғындары қатысты.

Жаңа қоныс иелерін құттықтаған аймақ басшысы бұл қадамның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деген тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті. Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын 90 пәтер енді тұрғындар игілігіне беріледі.

Рәсімде ел ағасы Бақберген Досманбетов ақ батасын беріп, сапалы баспана салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Еліміздегі оң өзгерістер нәтижесінде соңғы 4 жылда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер беріліп, 30 мыңнан астам тұрғын үйлі болды.

 

Ал 2026-2027 жылдарға жоспарланған меже бойынша тағы 6200-ден астам пәтер табысталып, 25 мыңға жуық азаматтың баспана мәселесі шешілмек. Бүгінде сол жағалауда бой көтерген 169 нысанның 136-сы – көпқабатты тұрғын үй болып табылады және мұндағы шағын ауданда 25 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін 20 әлеуметтік және 13 ірі бизнес нысаны жұмыс істеп тұр, ал қазіргі уақытта тағы 48 ғимараттың құрылысы жүруде.

Сондай-ақ алдағы уақытта И.Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін заманауи төрт жолақты жаңа көпірдің құрылысы жоспарланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button