
Бүгін Сырдария ауданында жүгері кептіру және сақтау кешені ресми түрде іске қосылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокурорының міндетін атқарушы Нұрболат Дүйсенбаев, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің құрылтайшысы Закиржан Кузиев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада аймақ басшысы жаңа кешеннің өңір ауыл шаруашылығы үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жоба егін шаруашылығын әртараптандыруға және жүгері егісі көлемін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ ол су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында биыл күріш егісі 70 мың гектарға дейін қысқарғанын, соңғы үш жылда егіс көлемі 19 мың гектарға азайғанын атап өтті.
Рәсім барысында Нұрболат Дүйсенбаев, Закиржан Кузиев пен Сұлтанбек Тәуіпбаев сөз сөйлеп, жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, биыл облыста 11 мың гектарға жүгері егіліп, 60 мың тоннадан астам өнім жиналды. Жалағаш ауданында швейцариялық «Harvest Argo» компаниясының 21 мың гектарға жүгері және соя егу жобасы басталды.
Жүгері алқаптарын ұлғайтуға арналған Жол картасы бекітілген. Келесі жылы дақылды 28 мың гектарға егу жоспарланып отыр.



