Жаңалықтар

Қызылорда облысы мен қытайлық компаниялар арасында келісім жасалды

Жаңа жобалар аясында өндіріс орындары ашылады

Бүгін Алматыда Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев онлайн форматта қатысты.


Қытай – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі. Өңірдің сыртқы сауда айналымының 60 пайызы Қытайға тиесілі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 403 млн АҚШ долларына жетті.

Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде 124,3 млрд теңгенің үш өндіріс орны іске қосылып, 658 жұмыс орны құрылды. Қазір 210 млрд теңгенің бес жобасы жүзеге асырылуда. Олар іске қосылғаннан кейін 815 жаңа жұмыс орны ашылады.

Форум аясында Қызылорда облысы әкімдігі мен қытайлық компаниялар арасында үш келісімге қол қойылды. Олар «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында өрт сөндіргіштер өндірісін іске қосу, Жаңақорған ауданында «Талап» тау-кен байыту комбинатын салу және мұнай бұрғылау жабдықтарын өндіру жобаларын жүзеге асыруға қатысты.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, химия және көлік-логистика салаларындағы инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button