Жаңалықтар

Қазанда елді қандай өзгерістер күтіп тұр?

Несие, салық, жалақыға қатысты бірқатар жаңалық болмақ

Онлайн несиеге қосымша тексеру енгізіледі. Банктер интернет арқылы кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдеген азаматтарға арнайы сауалнама жүргізеді. Күмәнді белгілер анықталса, қосымша тексеру жүргізіледі.

Қайта қаржыландыру кезінде ақша тікелей банкке аударылады. Басқа банктің несиесі арқылы бұрынғы қарызын жапқан кезде қаражат қарыз алушыға берілмей, оның келісімімен бұрынғы банкке немесе микроқаржы ұйымына аударылады.

Қаржы ұйымдары өнім туралы толық ақпарат беруге міндетті. 12 қазаннан бастап банктерге, сақтандыру және микроқаржы ұйымдарына, брокерлерге және басқа қаржы нарығы қатысушыларына бірыңғай талаптар енгізіледі. Олар өнімнің мақсатын, тәуекелін, құнын және клиентке сәйкестігін бағалауы тиіс.

Жұмыс іздеу мерзімі 13 күнге дейін ұзартылады. 1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметін жетілдіруге арналған пилоттық кезең басталады. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматқа лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады.

Жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем әзірге қысқармайды. 1 қазан – жұмыспен қамту қызметіндегі пилоттық кезеңнің басталу күні. Ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем мерзімін өзгерту туралы норма 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Мүлік салығын төлеудің соңғы күні. 2025 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын 1 қазанды қоса алғанда төлеуге болады. 2 қазаннан бастап берешегі бар азаматтарға хабарламалар жіберіледі.

Валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесі өседі. 1 қазаннан бастап жаңадан ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттер үшін шекті мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі.

Алматыда су тарифі өседі

💧 1 м³ су – 178,06 теңге
🚰 Су бұру – 119,46 теңге.

Есептегіші жоқ тұрғындарға төлем айына бір адамға 15 м³ норма бойынша есептеледі.

Өңірлерде жылу беру маусымы басталады. Шығыс Қазақстанда жылу беру 1 қазаннан жоспарланған. Солтүстік Қазақстанда жылыту маусымы қыркүйектің соңында басталды. Қалған өңірлер қазан айының басында жылуға қосылады.

Республика күніне орай үш күн демалыс

25 қазан – Республика күні. Мереке жексенбіге түскендіктен, демалыс 26 қазанға ауыстырылады. Бес күндік жұмыс аптасында 24, 25 және 26 қазан – демалыс күндері.

Оқушылар күзгі демалысқа шығады.
2026–2027 оқу жылындағы күзгі каникул 26 қазаннан 1 қарашаны қоса алғанға дейін жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button