Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған байқау қорытындыланды
Облыстық шығармашылық байқауға 100-ден астам жұмыс қабылданды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Ағартушы мұрасы – жастар көзімен» облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Байқау Қалқабай Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қоғамдық қорының бастамасымен, «Сыр медиа» ЖШС, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы және университеттің қолдауымен ұйымдастырылды.
Биыл шығармашылық дода «Сараптамалық мақала» және «Бейнематериал» номинациялары бойынша өтті. Облыстағы жоғары оқу орындарының студенттерінен 100-ден астам жұмыс қабылданды. Қатысушылар өз еңбектерінде ағартушының өмір жолы, педагогикалық көзқарастары мен рухани мұрасын дәріптеді.
Марапаттау рәсіміне облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Каюпов, университет проректоры Уалихан Ибраев, Қалқабай Әбеновтің туған-туыстары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Жиында Руслан Каюпов облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтауын Әбеновтер отбасына табыстады. Сонымен қатар байқау жеңімпаздары дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Шараның мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық руханиятты дәріптеу және тарихи тұлғалардың мұрасын жас ұрпаққа насихаттау.


