Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді
Қарттарға арналған орталыққа 843,8 млн теңге бөлінді

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, қала әкімі Нұржан Ахатов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарттарды мерекемен құттықтады.

Мұрат Ергешбаев ардагерлерді әлеуметтік қолдау әрдайым назарда болатынын айтып, оларға көрсетілетін қамқорлық жалғаса беретінін жеткізді.

Аймақ басшысы орталық ғимаратының алдындағы киіз үйде ұйымдастырылған көрмені аралап, қызмет алушылардың өз қолымен жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдарымен танысты.

Бүгінде өңірде 90 мыңға жуық қарт тұрады. Оның 2 мыңнан астамы арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына биыл 843,8 млн теңге қаржы бөлінген.
Орталық заманауи талаптарға сай жабдықталып, қарттардың денсаулығын жақсарту мен оңалтуға қолайлы жағдай жасалған.
Сонымен қатар Талсуат елді мекеніндегі 150 орындық оңалту орталығында және Қызылорда қаласындағы 50 орындық жартылай стационарда зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.


