
Сол жағалаудағы «Қайсар Арена» стадионында «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концерт өтті. Кеш тақырыптық прологпен басталып, қаланың екі ғасырлық тарихы мен бүгінгі дамуы көрініс тапты.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, өңірдің жетістіктеріне тоқталды. Ол Қызылорданың тарихи маңызын атап өтіп, қаланың көркеюіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

Кеште Индира Елубаева, Қазыбек Құрайыш, Үкітай Ерниязов, Балжан Бидаш, «KESH YOU» тобы және ALEM өнер көрсетті. Мерекелік концерт отшашумен аяқталды.
Соңғы жылдары қалада әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңарып, жаңа нысандар бой көтеруде. Биыл Инклюзивті спорт орталығы, «Достық үйі», «Құзыреттілік орталығы», «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ пайдалануға берілді.

Қазір Президенттік кітапхана, драма театр және бірқатар медициналық нысан салынуда. Сол жағалауды байланыстыратын автожол көпірі мен жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жалғасып жатыр. Президент саябағы маңында аквапарк құрылысы басталды. Жыл соңына дейін «Қызылорда Арена» спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланған.




