Жаңалықтар

Тұрғындар талап еткен өзгерістер орындалды ма?

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала әкімі Нұржан Ахатовпен бірге Қызылорда қаласының шағын аудандарын аралап, бұған дейін тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің орындалу барысын тексерді.

Аймақ басшысы бұдан бұрын тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін тазалық пен абаттандыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Атап айтқанда, Абай даңғылы бойындағы №62 үйдің тұрғындары аулаға балалар ойын алаңын салып беруді және жарықтандыру жүргізуді сұраған еді. Мұрат Нәлқожаұлы бүгінгі аралау кезінде аталған тапсырмалардың орындалу нәтижесімен танысып, мұндай жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге аралау барысында «Астана», «Арай» шағын аудандарындағы және сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларының, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының тазалығы мен абаттандырылу деңгейі де тексерілді. Шаһардағы өзекті аяқсу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Н. Назарбаев даңғылындағы насос қондырғысы мен құбырлар іске қосылып, Бөкейхан көшесінің Абай даңғылынан Яссауи көшесіне дейінгі ұзындығы 2 шақырым болатын арық жүйесіне аяқсу берілді.

Оған қоса Яссауи мен Шүкіров көшелерінің қиылысына жаңа насос қондырғысы орнатылып, Бөкейхан көшесінен Ғ. Мұратбаев көшесіне дейінгі аралықтағы ұзындығы 960 метр арық та сумен қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда, бүгінде Қызылорда қаласы бойынша 68 көшеде ұзындығы 98,6 шақырымды құрайтын арық жүйесі бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button