Қазақстанда алғаш рет республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттауға және оқу мәдениетін дамытуға бағытталған.
Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба жеті бағытты қамтиды: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер». Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптың ішінен 15 кітап оқуы керек. Тізімге қазақ және орыс тілдеріндегі отандық шығармалар, әлем классикасы мен заманауи туындылар енгізілген.

Негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Қатысушылар оқыған кітаптары туралы қысқаша пікірлерін жеке кабинетінде жариялап отырады. Ал наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары ақшалай сыйлықтарға ие болады. Бірінші орынға – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге беріледі. Финалистер дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.


