Сырдың үздік ұстаздары марапат төрінен көрінді
Екі мұғалім «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды

Қызылордадағы «Өнер орталығында» Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – қанат, шәкірт – қауырсын» атты салтанатты шара өтті.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Мерекелік шарада Сыр елінің бірқатар ұстаздары «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Ы. Алтынсарин» және басқа да медальдармен, төсбелгілермен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар, еңбегімен ерекшеленіп, шәкірттерімен бірге білім додаларында жетістікке жеткен 10 ұстазға Сарыағаш шипажайына жолдама берілді.
Мұғалімдер күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ұстазды Ақордада қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Сыр өңірінің ұстаздары да бар. Қазалы ауданындағы №226 мектептің мұғалімі Мирамкүл Жөлекеш пен Жалағаш ауданындағы №123 мектеп-лицейінің мұғалімі Ғалымжан Нұрмахатов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Айта кетейік, соңғы төрт жылда өңірдің білім саласына 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 млрд теңгеге 46 білім беру нысаны салынды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілді.

Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты.



