Жаңалықтар

«Шіркейлі» мен «Қоғалыкөлде» газ желісі тартылады

Жоба мыңдаған тұрғынның тұрмысын жеңілдетпек

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында «Шіркейлі» және «Қоғалыкөл» ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Жиында елді мекендердің инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Тұрғындардың ұсыныстары бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – табиғи газ. «Шіркейлі» ауылына газ жеткізу үшін биыл 400 млн теңге бөлінді. Жоба аясында 47,5 шақырым газ құбырын тарту және 4 газ реттеу пунктін орнату жоспарланған. Жоба аяқталса, 523 үйдегі 2 689 тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Ал «Қоғалыкөл» ауылын газдандыруға 1,3 млрд теңге жоспарланып, биыл 320 млн теңге бөлінді. Жоба бойынша 40,2 шақырым газ құбырын тарту және 4 газ реттеу пунктін орнату көзделген. Нәтижесінде 410 үйдегі 2 506 тұрғын «көгілдір отын» игілігін көреді.

Сырдария ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша да оң динамика бар. Қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға 46 млрд 530 млн теңге инвестиция тартылып, 13 148 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2 356 субъект тіркелген. Оның 156-сы заңды тұлға, 1 024-і жеке кәсіпкер және 1 174-і шаруа және фермер қожалығы.

Биыл аудан шаруашылықтары 32 354 гектарға егін, оның ішінде 142 гектарға картоп, 180 гектарға көкөніс, 368 гектарға бақша және 19 950 гектарға күріш екті. Қазір 3 288 гектар күріш орылып, 2 114 гектары бастырылды. Науқанға 843 техника қатысып жатыр.

Суды тиімді пайдалану мақсатында жаңбырлатып суару әдісімен 1 150 гектарға жоңышқа егілді. Сонымен қатар 1 500 гектар жер лазермен тегістелді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button