25 мыңнан астам адамға көмек көрсетіледі
Ақмолалықтарға 13 мың теңгеге жуық төлем беріледі

Ақмола облысында Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл туралы Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мәлімдеді.
Оның айтуынша, әлеуметтік көмекті 25 103 адам алады. Әр азаматқа 3 АЕК, яғни 12 975 теңге беріледі. Осы мақсатқа аудандық және қалалық бюджеттерден 325,7 млн теңге қарастырылған.
Қазақстанда Мүгедектігі бар адамдар күні қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Бұл күн ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға, олардың қоғамдағы құқықтары мен мүмкіндіктеріне назар аударуға бағытталған.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында Қарттар күніне орай ең төменгі және одан төмен мөлшерде зейнетақы алатын 26 582 зейнеткерге де біржолғы әлеуметтік төлем берілген. Оның мөлшері 3 АЕК болған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 344,9 млн теңге бөлінген.



