Сыр өнерпаздары Берлинде Республика күнін атап өтті
Қазақтың ұлттық өнері Германия төрінде дәріптелді

Германия астанасы Берлинде Республика күніне орай Сыр өңірінің өнер шеберлері мерекелік концерт ұсынды. Шараға Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов, елшілік пен қазақ диаспорасының өкілдері, дипломаттар және жергілікті мәдениет жанашырлары қатысты.

Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған концерттің мақсаты – қазақтың ұлттық өнері мен мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде таныту.

Кеште «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, белгілі әншілер мен өнерпаздар өнер көрсетіп, «Томирис» би ансамблі ұлттық билерді ұсынды. Концерт Қорқыттың күйімен ашылып, жыраулық өнер, халық әндері, ән-айтыс үлгілері мен патриоттық әндерге ұласты.

Қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, халқымыздың қонақжай дәстүрі де таныстырылды. Сыр өнерпаздары берлиндік көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.




