
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданына жасаған жұмыс сапарында өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін саралап, жергілікті «Бекарыс-Агрофуд» ЖШС асылтұқымды мал шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Бүгінде бұл серіктестік нағыз өндіріс ошағына айналған: 1 000 басқа арналған заманауи бордақылау алаңы мен тәулігіне 10 бас мал соятын арнайы пункті бар. Шаруашылықта 864 бас ірі қара (оның 668-і асылтұқымды), 300 бас жылқы, 4 077 бас қой және 211 бас түйе өсіріліп жатыр. Сонымен қатар 1 500 гектар жайылым мен 300 гектар суармалы жерді игеріп отырған құрылым биыл 67 гектарға күріш, 50 гектарға күздік бидай және 50 гектарға жоңышқа еккен.

Жалпы, Жаңақорған ауданы бойынша биыл аграрлық салада рекордтық көрсеткіштер тіркелуде. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 миллиард 427 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,5 пайыздан асты.

Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру қарқынды жүріп жатыр: суды көп қажет ететін күріш көлемі 600 гектарға қысқартылып, су үнемдеу технологияларының арқасында 2 370 гектар жерге басқа да өнімді дақылдар егілді. Төрт түлік саны да артып келеді — қазір ауданда 75 мыңнан астам ірі қара, 286 мыңнан астам қой-ешкі және 29 мыңнан астам жылқы бағылуда.

Аймақ басшысы шаруашылықтардың жұмысын жоғары бағалап, сала басшыларына өндірісті одан әрі кеңейту бойынша нақты тапсырмалар берді.




