Қызылордада жолдар жаңартылып жатыр
Жаңа көпір мен кеңейтілген көшелер ел игілігіне берілуде

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстарымен танысты. Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Аймақ басшысы алдымен Тасбөгет кентіндегі жол жөндеу жұмыстарын көрді. «УАД» серіктестігі жүзеге асырып жатқан жобаға 5,1 млрд теңге қаралған. Жоба аясында 4,4 шақырым көше жөнделіп, Есенов және Амангелді көшелері төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, су ағатын лотоктар орнатылуда. Сондай-ақ жаңа асфальт-бетон төселіп, заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылады.
«Бәйтерек» шағын ауданы мен қала орталығын байланыстыратын маңызды нысанның бірі – оңтүстік магистральды канал арқылы өтетін жаңа көпір. Құрылысы толық аяқталған көпірдің ұзындығы 53 метр, ені 7 метр және екі жолақты. Нысан толық жарықтандырылып, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалған. Құрылысты «Асанас-Дар» серіктестігі жүргізді.
Жол активтері сапасы ұлттық орталығының жылжымалы зертханасы көпірдің беріктігі мен сапасын арнайы бақылаудан өткізді. Жаңа нысан «Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындары үшін көлік қатынасын жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аймақ басшысы Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Ұзындығы 2,174 шақырым болатын жол төрт жолақты етіп кеңейтілуде. Бұл көлік ағынын реттеп, қарбалас уақыттағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарықтандыру бағаналары орнатылды.
Құны 1 млрд 592 млн теңге болатын жобаны «Қыран» серіктестігі жүзеге асырды.
Айта кетейік, 2022-2026 жылдары облыста 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салуға және күрделі жөндеуге шамамен 185,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 95 пайызға дейін артты.


